“Қарияларға дүние емес, көңіл керек”

 Егде жасқа келіп, еңбектің зейнетін көремін деп жүрген қарттардың бейнет шегіп, жалғыз қалатын кездері де аз емес. Осындай сәтте әлеуметтік қызметкерлер көмекке келіп, тұрмыстық қажеттіліктерін өтеп қана қоймай, көңілдеріне демеу болады. Себебі жалғыздықтың салмағын жеңілдету үшін жылы сөз бен шынайы ықылас жеткілікті. Кейіпкеріміз Ақмарал Залиева да 13 жылдан бері жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға күтім жасап, олардың күнделікті тіршілігіне қолғабыс етіп келеді.

Аружан СМАҒҰЛОВА

@smagulova__aruzhan

Ақмарал Залиева - Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Жосалы ауылының тумасы. Әлеуметтік жәрдем орталығында 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Оның негізгі қызметі – жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға күтім жасау.

Бұл салада жұмыс істегеніңізге қанша уақыт болды?

Әлеуметтік жәрдем орталығында жұмыс істегеніме 13 жыл болды. 2013 жылы осы жұмысқа қабылданбас бұрын әлеуметтік қызметкердің кім екенін де білмейтін едім. Алғашқыда уақытша жұмыс істермін деп ойладым. Бірақ әлеуметтік қызметкердің жұмысы ұнап, бірте-бірте қызметіме деген сүйіспеншілігім оянды. Жұмысты ұнатқаным сонша, шын ниетпен беріліп кеттім. Уақыт зымырап, 13 жыл да өте шықты. Бүгінде жұмысыма дән ризамын. Жұмыстың жеңілі жоқ. Сондықтан оны қиындатпай, барынша жеңіл қараймын.

Сіздің негізгі қызметіңіз қандай?

Мен 10 қарт адамға қызмет көрсетемін. Оның ішінде - екеуі мүгедектегі бар жандар. Қариялардың үйін тазалаймын, азық-түлігін әкелемін. Қан қысымын өлшеп, дәріханадан керекті дәрі-дәрмегін сатып әкелемін. Жеке шаруаларына да көмек беріп, емханаға апарып әкелемін. Коммуналдық қызметтерін төлеуге көмектесемін. Қандай көмек берілсе, соның бәрін журналға жазып отырамын. Әрқайсының үйіне аптасына 2 рет барамын. Өз жоспарларын алдын ала жазып, уақытын есептеп отырады. Бір күнде 4 адамға қызмет көрсетемін. Он саусақ бірдей емес, сондықтан олардың мінезі де әртүрлі. Есіктен кіріп келген сәттен-ақ қарияның көңіл-күйін бірден сеземін.

Қарттардың бала-шағасы болғанымен басқа қалада немесе шетелде тұрады. Кейбірінің бала-шағасы болмауы да мүмкін. Қариялар жалғыз тұратындықтан біздің қызметімізге жүгінеді. Олар маған әбден бауыр басқан. Мені балаша күтіп отырады. Ауыр сөз сөйлемеймін. Сөздеріне құлақ асып, айтқанын мұқият тыңдаймын. Тез тіл табысасың, адамды тыңдай білесің деп өздері де айтып отырады. Әңгімені жалғап, көңілдерін аулау үшін сұрақ қойып та отырамын. Оларға психологиялық қолдау маңызды. Жұмыстың қандай қиын тұсы бар?

Қарттардың ауырып жатқанын көру қиын. Аурудан солып, төсек тартып жатқанын көрген сайын жаным ауырады. Өлу де хақ, дүниеге келу де хақ деп Абай атамыз айтпақшы, бұл өмір заңы деп қабылдап, өзімді жұбатамын.

Жұмыс барысында жүрегіңізді жылытқан немесе есіңізде ерекше сақталған оқиғалар болды ма?

Бір әженің қызы Украинада, ұлы Ресейде тұрады. Балаларын қатты жақсы көретін. Қуатты, әрі жас кезінде балаларына барып тұратын еді. Әже төсек тартып, балаларын бір көруді аңсап, қайтыс болды. Бірақ балалары келмеді. Ұлы тек бір күнге келіп кетті. Ал қызы ат ізін салмады. Көрші-көлем болып ақтық сапарға шығарып салдық. Балаларым әне-міне келіп қалады деп, телміріп күтіп отыратын. Мен балаларына хабарласып, анасының қатты күтіп жатқанын бірнеше рет айттым. Түрлі себеппен ақыры келмеді.

Менде барлық қарияның үйінің кілті бар. Олар маған шүбәсіз сенеді. Кейде ауырып қалып, есік ашуға күші болмаса, есікті кілтпен ашып кіре беремін. Тіпті менде олардың бала-шағасының, алыс тума-туысының, көршілерінің де телефон нөмірлері бар. Видеоқоңырау арқылы балаларымен сөйлесуге көмектесемін. Бірақ ең болмаса жылына бір рет көзбен көргенге не жетсін?

Кейде түнгі мезгілде хабарласып, көмек сұрайды. Менің жұмыс уақытым аяқталса да, әрқашан көмектесуге дайынмын. Тіпті кез келген уақытта хабарласа беріңіз деп те айтамын. Менің жұмысыма отбасым да үйренген.

Олар үшін физикалық көмек маңызды ма, әлде жылы сөз бен рухани қолдау ма?

Әрине, қарттар үшін жылы сөз бен қолдау маңызды. Олардың көңілі баладай аңғал. Мереке сайын бұрынғы жұмыс орным құттықтап келер ме екен деп күтеді. Құттықтамай қалса, ренжіп, көңілдері түседі. Осындайда сыртта жүріп келейік деп көңілдерін аулап, далаға бірге серуендеп  қайтамын. Олар қартайған сайын кез-келген нәрсені ұмытып қалады. Қойған заттарын есіне түсіре алмай, маған хабарласып сұрап алады.

Қариялардың бәрі бөлме гүлдерін жақсы көреді. Гүлдермен сөйлеседі. Туған күндерінде бөлме гүлдерін сыйлауға тырысамын. Сенсорлы ұялы телефон ұстайтын қариялар егде жасқа келіп, әлеуметтік желіге кіреміз деп айтып қалады. Бірақ мен оны құптаймын. Бір сәт көңілдерін аулап, заман ағымынан қалмаған дұрыс қой.

Туған күндерінде міндетті түрде құттықтаймын. Гүл сыйлауға тырысамын. Оларға киім, дүние керек емес, көңіл керек. Қарттар бәрін сезеді. Қанша дегенмен өмірлік тәжірибесі бар адамдар ғой. Көңіл-күйім болмай тұрса, оны дереу сезіп, не болғанын сұрай бастайды. Айтпауға тырыссам да, жасырып тұрғанымды біліп қояды. Бәрі жақсы болады деп ақыл-кеңесін беруден шаршамайды.

Бұл қызмет сізді өзгертті ме?

Бұл жұмыс менің мінезімді өзгертті. Барынша сабыр сақтауды үйрендім. Тентек мінезім басылып, барлығын сабырмен қабылдайтын болдым. Балаларым да мұны байқап, мінезімнің өзгергенін жиі айтады. Бұл жұмыстан үлкен сабақ алдым. Өмірлік тәжірибе жинадым.

Әлеуметтік қызметкер қандай болуы керек?

Әлеуметтік қызметкердің адамгершілігі мол болуы керек. Ниет таза болуы керек деп ойлаймын. Жұмысты да адал ниетпен, шын көңілмен істеу керек. Таза ниет дұрыс жолға бастайды.

Сұхбатыңызға рақмет!

 

Әлеумет
11:19, 30 октябрь 2026
143
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив