Ерлер арасында тоқ ішек пен тік ішек обыры көбейген
Қатерлі ісік жас та, жыныс та талғамайды. Қазір, әсіресе, ер адамдар арасында өкпе, асқазан, тоқ ішек, өңеш қатерлі ісігі жиі кездеседі. Онкохирург Әріп Қойшыбаев аурудан емес, кешігіп қалудан қорқу керектігін айтады.
Назгүл ӘБЕТОВА
М.Оспанов атындағы БҚМУ онкология кафедрасының жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты Әріп Қойшыбаевтың айтуынша, қазір қатерлі ісіктің ең жиі кездесетін түрі - өкпе обыры. Бұл аурумен сырқаттанғандардың 95 пайызы темекі шегеді. Осы обырдан қайтыс болатындар саны әлем бойынша 1 орында тұр. Әсіресе жасы ұлғайған адамдар жиі шалдығады. Ал жастар арасында сирек кездеседі екен. Өкпе қатерлі ісігі көп жағдайда кеш сатыда анықталады.
- Өкпе обырына шалдыққан науқастың ең жасы - 20-22-де болды. Жастар арасындағы бұл дерттің нақты себебін дөп басып айту мүмкін емес. Өкпе қатерлі ісігіне хирургиялық ем аз қолданылады. Себебі отадан кейінгі кезеңді көтере алмайды. Сондықтан оларға консервативті ем жүргізіледі, - деді онкохирург.
Қазір өкпе обырын ерте анықтауға арналған пилоттық скрининг жобасы енгізіліп жатыр. Жоба ауруға шалдығу қаупі жоғары азаматтарды тексеруге бағытталған. Қауіпті топқа - темекі шегетіндер мен зиянды өндірісте жұмыс істейтіндер жатады. Олар өкпедегі өзгерістерді уақытылы анықтау .үшін компьютерлік томографиядан (КТ) өтеді.
Қауіпті онкологиялық аурулардың бірі - асқазан обыры. Бұл алғашқы төрттікке кіретін “жаман аурдың” бірі. Дәрігердің сөзінше, алғашында бұл аурудың ешқандай белгісі болмайды. Ісіктің дамуына қақталған, консервіленген өнімдер әсер етуі мүмкін. Мұндағы қауіпті фактор - канцерогендер.
-Асқазан - ішек жолдарындағы қатерлі ісік дамуына адамның өмір салты мен басқа да факторлар әсер етеді. Өмір салты дегеніміз, тамақтануы мен зиянды әдеттерге әуестігінің бар - жоғы. Дұрыс тамақтанбау, жылдам тіскебасар жей салу асқазан жұмысын бұзады. Көп жағдайда артық салмақ, тістің жоқтығы, ауыз қуысы ішіндегі обырдың туындауына әкеп соқтырады, - деді онкохируг.
Тісінен айырылғандар протез салдырады. Ол иекті қажап, үйкеліс нәтижесінде ауыз қуысын жаралайды. Соның кесірінен тыныс алу жолындағы көмей, жұтқыншақ қатерлі ісігі пайда болу қаупі бар.
Қазір асқазан мен өңеш обырын анықтауға арналған жаппай скрининг жоқ. Алайда тексеру әдістері бар. Бұрын пилоттық жоба ретінде енгізіліп, тоқтатылған. Дәрігердің сөзінше, тоқ ішектегі кез-келген ісік қан тамырларына беткей орналасады. Сол себепті жеңіл жарақаттанады. Қан тамшылары пайда болып, нәжіске араласады. Науқас оны байқамауы мүмкін. Бұны астыртын немесе жасырын қан кету деп атайды. Осы кезде қан кетуді анықтау үшін сынамалар алынады. Сол сынама скрининг ретінде пайдаланылады. Егер сынама оң нәтиже көрсетсе, толық тексеруден өткізіледі.
Әріп Қойшыбаев тоқ ішек пен тік ішек қатерлі ісігі көбейіп бара жатқанын айтты. Тоқ ішек обырының кейде тұқым қуалайтын жағдайлары да кездесетінін жасырмады.
-Бізде тасымалдаушы генді анықтау мүмкіндігі жоқ. Алайда жанұясында біреулер ауырса, тұқымқуалаушылық деп болжаймыз. Сол себепті ол үйдің барлық мүшелері жылына бір рет колоноскопиядан өтіп тұруы керек. Айта кету керек, 40 жасқа дейінгілерде осы қатерлі ісіктің пайда болуы жиілігі төмен, - деді ол.
Ысталған тағамдар денсаулыққа қауіпті
Ақтөбелік онкохирург Әріп Қойшыбаевтың айтуынша, оңтүстікке қарағанда солтүстік тұрғындары қатерлі ісікке көбірек шалдығады.
-Бізге қарағанда оларда қыс ұзақ. Екі соғым сояды. Оның біреуін міндетті түрде ыстайды. Ысталған тағамдарда көп мөлшерде канцерогендер түзілетіндіктен, денсаулыққа қауіпті. Мен сүрленген қызыл етті жеуге болмайды деп жатқан жоқпын. Тек үнемі тұтыну қатерлі ісіктің пайда болуына әкеп соқтырады. Мысалы, тосапты қысқа сақтап дайындаймыз. Оны ашқан кезде бетіне зең түскен болса, жеу зиян. Бетінде зеңді алып тастап, қайта қайнатқанмен саңырауқұлақ өлмейді. Зең бетінде тұрғанымен, өсінділері ыдыстың түбінде болады. Тіршілік ету барысында бөлінетін өнімдер ыдыстың ішінде қалып қояды. Сондықтан жыл бойы балғын азық-түлікті жеген жөн, - деп түсіндірді онколог.
Ал оңтүстік тұрғындары жеміс-жидекті, көкөністі көп пайдаланады. Сондықтан мұндай сырқатқа жиі шалдығады екен.
Обырға шалдыққан науқастарда психологиялық өзгерістер пайда болады
“Науқасты емдеп жазу мүмкіндігі болмағанның өзінде, оның қанша өмірі қалғанын ешкім болжап айта алмайды. Қандай жағдай болмасын, олар көмексіз қалмауы керек”. М.Оспанов атындағы БҚМУ онкология кафедрасының жетекшісі осылай деді.
-Кейде науқастарға көмектесе алмайтын кезіміз болады. Обырға шалдыққан науқастарда психологиялық өзгерістер пайда болады. Олар жасыруға тырысады. Барлығын егжей-тегжейлі сұрастыра келе, ауырып жүргеніне жарты жылдан асқанын, тіпті одан да көп болғанын анықтаймыз. Бірақ бәрі тым кеш еді. Мұндай жағдайда 30 пайызы науқастың өзіне, 30 пайызы бірінші қаралған дәрігеріне, ал соңғы 30 пайызы диагностика кезінде кеткен қателіктерге байланысты. Міне соны жақындары түсінулері керек, -деді Әріп Көбекұлы.
Егер арнайы емнен нәтиже болмай, дерті асқынған жағдайда науқастың өмір сапасын жақсарту үшін паллиативті бөлімшеге жатқызылады.
Ерлер арасындағы онкологиялық аурулар дәрігерге кеш жүгіну себебінен туындап жатады. Олар алдымен отбасын асыраушы ретіндегі міндетін бірінші орынға қояды. Сондай-ақ жұмысбастылық пен уақыттың жеткіліксіздігін алға тартып, дәрігерге қаралуға асықпайды.
Медицина ғылымдарының кандидаты қазір әйелдер арасындағы сүт безі қатерлі рагының 80 пайызға жуығы ерте сатыда анықталатынын қуана жеткізді. Бұл көрсеткішке скрининг нәтижесінде қол жеткізген. Дәрігердің сөзінше, сүт безі мен жатыр мойны обырының негізгі себептеріне – артық салмақ пен гармондық бұзылыстар себеп. Соның ішінде жатыр мойны обырына - адам папиллома вирусы себеп болады. Сондықтан АПВ-на қарсы вакцина алу- дерттің алдын алудың кепілі.
Сөз соңында, 40 жылдан астам медицина саласында еңбек етіп келе жатқан онкохирург Әріп Қойшыбаев қатерлі ісік диагнозы өмірдің соңы емес екенін тілге тиек етті. Қатерлі ісік неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым нәтижелі болады. Оған отандық медиицинаның қауқары жетеді.
-Осыдан 20-30 жыл бұрын қатерлі ісікке шалдығып, ота жасатқан науқастар арамызда жүр. Сондықтан аурудан емес, кеш қаралудан қорқу керек, - деді.
Ақтөбе облысындағы М.Оспанов атындағы БҚМУ онкология кафедрасын жыл сайын 20-30 түлек бітіріп шығады. Солардың барлығы жұмыспен қамтылады. Өңірде онколог мамандар жеткілікті.
Еске сала кетейік, Ақтөбе облысында қатерлі ісік диагнозымен 10 мыңнан асам адам есепте тұр. Биыл 9 айдың ішінде обырдың 1574 жаңа жағдайы тіркеліп, 318 адам көз жұмған.


