Ақтөбеде болашақ дәрігер үйге ұрлыққа түсті
Сурет ЖИ арқылы жасалды
Ақтөбеде медицина университетінің студенті ұрлық жасағаны үшін сотталды.Ол құны жарты миллион теңгеден асатын алтын бұйымдар мен ақша ұрламақ болған. Алайда болашақ дәрігерді үй иесінің өзі ұстап алған.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТ
Іс құжаттарына қарағанда, 22 жастағы жігіт наурыз айында Ақтөбедегі Кірпішті елдімекеніндегі үйлердің біріне ұрлыққа түскен. Оңай олжа тапқысы келген ол балта, балға мен жұмыс қолғаптарын алып, қылмысқа алдын-ала дайындалған. Сотталушы үйде ешкімнің жоқ екенін біліп, терезесін балғамен ұрып сындырған. Кейін баспанаға кіріп, 9 алтын сақина, бірнеше жасанды әшекей бұйымдар мен 45 мың теңгені жымқырған.Олардың жалпы құны-589 мың теңге. Алайда студент қылмысын ақырына дейін жеткізе алмады. Өйткені үйіне келген жәбірленуші қаша жөнелген сотталушыны қуып жетіп, ұстаған. Сот отырысы кезінде ол өзіне тағылған айыпты толық мойындады.
-Маған белгісіз біреу телефон арқылы сөйлесіп, нұсқау беріп отырды. Соның айтуымен тұрғын үйге кіру үшін балта, балға мен сөмке дайындадым. Ол маған қалай ұрлық жасауым қажеттігін айтты. Үйдің барлық бөлмесін қарап, ақшаны, әшекей бұйымдар мен кілттерді алдым. Алайда бірінші қабатқа түсіп келе жатқан кезде үйге біреудің кіріп жатқанын естідім. Дереу терезе арқылы сыртқа шығып, артқы аула арқылы қаша жөнелдім. Алайда үй иесі мені қуып жетіп, ұстады,-деді ол.
Қазір ол жәбірленушімен татуласып, кешірім сұраған. Сотқа жасаған ісіне өкінетінін айтып, өзіне қатаң жаза тағайындамауды сұрады. Сот отырысында үй иесі де оны кешіргенін айтты.
- Есікті ашып жатқан кезде қонақ бөлмеден дыбыс естідім. Сол сәтте қызыл күртеше киген сотталушы жүгіріп шығып, терезе арқылы көшеге қашып кетті. Мен танысыммен бірге оны ұстап алу үшін соңынан қуа жөнелдім. Біраз уақыттан соң сотталушыны қуып жетіп, аяғынан шалып қалдым. Ол жыраға құлады. Сотталушыны ұстап, оқиға орнына полиция қызметкерлерін шақырдық. Қазір залал толық өтелді. Оған ешқандай шағымым жоқ. Кешірім беремін, -деді жәбірленуші.
Белгілісі, 22 жастағы жігіт Ақтөбедегі мемлекеттік емханалардың бірінде санитар болып жұмыс істейді. Ақтөбе қаласының №2 соты оны Қылмыстық Кодекстің 188 бабының 3-бөлігі ( Ұрлық )бойынша кінәлі деп тауып, оған түпкілікті 1 жыл 4 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сотталушыға рақымшылық заңы қолданылды.Сот үкіміне сәйкес, пробациялық бақылау белгіленіп, белгілі бір шектеулер қойылды.


