Сотталушы түрме қызметкерлерін ұрып, қылғындырған
Ақтөбеде бұрын бірнеше рет сотталған ер адам абақтыда бүлік шығарып, бейнекамераны сындырған. Тіпті өзін тыныштандырмақ болған түрме қызметкерлеріне шабуылдап, оларды жаралаған.
Еркежан СЕРІК
kerekinfoaktobe@gmail.com
Оқиға биыл шілде айында халық арасында “алтыншы түрме” аталып кеткен, Ақтөбедегі №8 түзету мекемесінде болған. Белгілісі, 29 жастағы жігіт бұрын ұрлық жасағаны, адам тонағаны үшін сотталған. Соңғы рет 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Бірнеше рет түрменің ішкі тәртібі мен режимін бұзғанол тәртіптік изоляторға қамалған. Сот құжаттарына қарағанда,сотталушы Денис Сульдин алдымен камерадағы бейнебақылау жүйесін аяғымен ұрып, сындырған. Оның қылмыстық әрекеті салдарынан Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №8 мекемесіне 45 мың теңге материалдық залал келген. Бұдан әрі сотталушы өзін тыныштандырмақ болған сержантты көзінен ұрып, тағы бір аға лейтенанттың маңдайына бірнеше рет соққы жасаған. Сот отырысы кезінде ол өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне шын жүректен өкінді.
-Мені мекемедегі тәртіптік изоляторда жеке камерада ұстады. Алайда маған “жеңіл дәрежедегі ақыл-ой кемістігі” деген диагноз қойылған. Мен камерада жалғыз өзім отыра алмаймын. Камераның санитариялық жағдайы да талапқа сай емес. Мені моншаға жуынуға да жібермеді. Соған ашуланып, бейнебақылау камерасын аяқпен теуіп сындырдым. 5-7 минуттан кейін мекеме қызметкерлері келді. Мен қолыммен камераның кіреберіс есігін ұстап тұрып, қызметкерлерді ішке кіргізген жоқпын. Кейін есікті босатып, оларды ұрып, қарсылық көрсеттім. Жасаған ісіме өкінемін. Жәбірленушілерден кешірім сұраймын, -деді сотталушы.
Сот отырысы кезінде жарақат алған бақылаушылар нарядының бастығы мен жасақ бастығы да түсініктеме берді. Сол күні тәуліктік кезекшілікте болған түрме қызметкерлері бейнебақылау камерасын сындырып жатқанын естіп, оқиға орнына келген. Алғашқысы сотталушының өзін оң жақ көзінен ұрып, қанатқанын айтты. Кейін оны тыныштандырмақ болған әріптесі де маңдайынан соққы алған. Тіпті басы мен денесінен кезек-кезек ұрып, екі қолымен қылғындыруға әрекеттенген. Өмірлеріне қауіп төнген олар сотталушыға күш қолданып, кісен салуға мәжбүр болыпты. Осыдан соң оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем қызметі келген. Түрме қызметкерлері сотталушыны кешірмейтіндерін айтты.
Сараптама қорытындысына сәйкес, сотталушы “жеңіл дәрежедегі ақыл-ой кемістігі” деген психикалық аурумен ауырады. Алайда ол айналасындағыларға және өзіне қауіп төндірмейді. Сотқа қатысуға қабілетті әрі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану қажеттілігі жоқ.
Ақтөбе қаласының №2 сотының үкімімен сотталушы Қылмыстық Кодекстің 428-бабының 1-бөлігі(Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде, тергеу изоляторларында, уақытша ұстау изоляторларында бейнебақылау жүйесін қасақана жою немесе бүлдіру) және 429-бабының 2-бөлігі (Қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекеменің қызметкеріне қатысты күш қолдану қатерін төндіру немесе олардың денсаулығына немесе өміріне қол сұғу)бойынша кінәлі деп танылды. Ол бұрынғы жазаларын қоса есептегенде түпкілікті 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
- Сотталушының әрекеттерінде қылмыстардың қайталануы бар деп танылсын. Оған жазаны өтеу орны ретінде қылмыстық-атқару жүйесінің барынша жоғары қауіпсіздік мекемесі белгіленсін.Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің № 8 мекемесінің азаматтық талабы толық көлемде қанағаттандырылсын.Сотталушыдан 45 мың теңге өндірілсін,-деді судья Н. Махмутов. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Сотталушы үкіммен келіспеген жағдайда апелляциялық шағым түсіруге құқылы.


