Ақтөбеде ұрлық саны азайды
Биыл Ақтөбеде ұрлық деректерінің тіркелуі өткен жылмен салыстырғанда 22,3 пайызға төмендеген. Ұрылардан қалай қорғануға болады? Тұрғындар қылмыс болған жағдайда қалай әрекет етуі керек ? Жергілікті полиция қызметкерлері ұрлықтан сақтанудың жолдарын түсіндірді.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
Ақтөбеде ұрлық азайғанымен, көлік ішіндегі заттарға көз тігетіндер көбейген.Өңірде бөтеннің мүлкін ұрлау деректері өткен жылмен салыстырғанда 22,3 пайызға азайған. Дегенмен тұрғындардың мүлкіне қол сұғу фактілері әлі де тіркеліп отыр. Әсіресе, жаз мезгілінде велосипед ұрлығы жиілесе, соңғы уақытта автокөлік салонындағы заттарды қолды ету оқиғаларына қатысты деректер алаңдатады. Полиция ұрлықтың алдын алу үшін қандай шаралар қабылдап жатыр? Қылмыскерлер көбіне нені олжалайды және тұрғындар қандай қарапайым қателіктерден сақтануы керек? Осы және өзге де сауалдарғарға Ақтөбе облысы ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Алтынбек Қаратайұлы жауап берді.
Ұрлықтың қай түрі жиі кездеседі?
Полиция қызметкерінің мәліметінше, қабылданып жатқан профилактикалық шаралардың нәтижесінде облыста бөтеннің мүлкін ұрлау деректері едәуір азайған.Есепті кезеңде 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ұрлық фактілері 22,3 пайызға төмендеген. Былтыр 955 дерек тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 742-ге дейін азайған.Сондай-ақ ұрлықтың жекелеген түрлері бойынша да оң динамика байқалады. Атап айтқанда, пәтер ұрлығы 43,5 пайызға, ұялы телефон ұрлығы 11,2 пайызға төмендеген. Ал қалта ұрлығы 2,2 есеге азайып отыр.
Қай аудандарда ұрлық жиі жасалады?
Қалада ұрлық деректері жиі тіркелетін нақты аудандардың тізімі жарияланбаған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алу мақсатында тұрақты түрде жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Күн сайын қылмыс жиі жасалатын аумақтарға талдау жасалып, сол жерлерде жедел түрде арнайы тексеру жұмыстары ұйымдастырылады. Сонымен қатар полиция жасақтарының саны күшейтіледі.
Жазда велосипед ұрлығы көбейді
Маусымдық ерекшеліктер де қылмыс статистикасына әсер етеді. Мәселен, жаз мезгілінде велосипед ұрлығы жиілейді. Биыл өңірде велосипед ұрлығының 123 дерегі тіркелген. Оның 98-і табылып, иелеріне қайтарылған.Полицияның айтуынша, мұндай жағдайлардың басты себебі – тұрғындардың өз мүлкін қараусыз қалдыруы.Кейбір азаматтар велосипедін үй ауласында арнайы құлыппен бекітпей қояды. Ал балалар велосипедтерін саябақтарда, скверлерде және ойын алаңдарында қараусыз қалдырады.Осыған байланысты жазғы маусым басталғалы бері полиция қызметкерлері апта сайын тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жеке мүліктің қауіпсіздігін сақтау жөнінде ескерту жасап келеді.
Ұрлық жасайтындар кімдер?
Полиция мәліметінше, мұндай қылмысқа баратындардың арасында бұрын сотталғандар, басқа өңірден келген адамдар, кәмелетке толмағандар және есірткіге тәуелді азаматтар көп кездеседі.Криминалдық полиция қызметкерлері биыл ұрлық жасағаны үшін 378 адамды ұстаған. Сонымен қатар 25 қылмыстық топ анықталған.Бұдан бөлек құқық бұзушылық жасауға бейім және полицияның профилактикалық есебінде тұрған азаматтар тұрақты бақылауда болады.
Пәтер ұрылары көбіне күндіз әрекет етеді
Қылмыскерлердің әрекет ету тәсілдері де өзгеріп отырады. Полиция жүргізген талдау нәтижесіне сәйкес, пәтер ұрлығы көбіне жұмыс күндері жасалады. Өйткені тұрғындардың басым бөлігі таңертең және күндіз жұмыста болады.Тіркелген пәтер ұрлықтарының 55,5 пайызына қылмыскерлер еркін қол жеткізу арқылы барған. 1,8 пайызы кілт таңдау жолымен жасалса, 24 пайызы пластик терезелерді күшпен ашу арқылы іске асқан.Кейбір тұрғындар үйінің есігін құлыптамай кетсе, енді бірі өзіне бейтаныс немесе жақын танымайтын адамдарды үйіне шақырып, мүлкінен айырылып жатады.Сонымен қатар тұрғындардың табиғат аясына демалуға немесе ұзақ мерзімді демалысқа кетіп, пәтерін қараусыз қалдыруы да ұрыларға қолайлы жағдай туғызады.
Көлік ішіндегі заттар да ұрылардың көз құртына айналған
Соңғы уақытта Ақтөбеде автокөлік салонынан зат ұрлау деректері жиілеген. Қылмыскерлер үшін көлік ішінде көзге түскен кез-келген зат олжа болуы мүмкін. Олардың қатарында автомагнитоланың панельдері, құжаттар, ноутбуктер мен қомақты ақша салынған сөмкелер бар.Кейбір жағдайларда ұрылар көлік иелерін алдын ала аңдып, бағалы заттарын қайда қалдыратынын бақылауы мүмкін. Ең жиі қолды болатын заттардың бірі – автомагнитола панельдері. Оны ұрлау үшін қылмыскерлер көліктің құлпын бұзуы немесе терезесін сындыруы мүмкін. Ұсталған күдіктілерден құлып ашуға, тіпті көлік әйнегін сындыруға арналған арнайы құралдар да табылған.Мұндай қылмыстар көбіне күзет қойылмаған аумақтарда және тұрғын үйлердің маңындағы ретсіз автотұрақтарда жасалады. Оның үстіне, полицияның мәліметінше, көлік дабылының қосылуы да ұрлықтың алдын алуға әрдайым кепіл бола алмайды.
Ұрлыққа жол бермеу үшін не істеу керек?
Полиция тұрғындарға қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді. Мәселен, телефонды киімнің түймеленбеген қалтасына салмау, сөмкені үнемі көз алдыңда ұстау қажет. Қоғамдық орындарда телефонды үстел үстіне немесе қараусыз қалдыруға болмайды.
Көліктен аз уақытқа шыққанның өзінде телефонды ашық қалдырылған салонда қалдырмаған жөн.Ал ұялы телефон сатып аларда оны мамандандырылған дүкендерден алған дұрыс. Қолдан сатып алған жағдайда құрылғының заңды жолмен алынғанына көз жеткізіп, сатып алу құжаттары мен кепілдік талонын сақтап қою маңызды.Пәтер қауіпсіздігіне де бейжай қарауға болмайды. Үйден шығарда есік пен терезелердің жабылғанын тексеріп, ұзақ уақытқа кететін жағдайда баспананы қараусыз қалдырмаудың амалын ойластырған жөн.
Ұрлық болған жағдайда не істеу керек?
Егер үйде, пәтерде немесе мекемеде ұрлық болғанын байқасаңыз, ең алдымен оқиға орнынан шығып, бірден 102 нөміріне хабарласу қажет.Полиция келгенге дейін оқиға орнындағы заттарға тиіспей, ештеңені қозғамаған дұрыс. Тергеу-жедел тобы келгенше сол маңда күту керек. Қызметкерлер оқиға орнын қарап, саусақ іздерін алуы, бейнебақылау камераларындағы жазбаларды сұратуы және арызды қабылдауы тиіс.Егер пәтер ішінде бөтен адамның барын байқасаңыз, өз бетіңізше әрекет етуге немесе оны ұстауға тырыспаңыз. Оның сыртқы келбетін, бойын, киімін, ерекше белгілерін, қай бағытқа кеткенін есте сақтауға тырысыңыз. Егер қылмыскер көлікпен қашса, мүмкіндігінше көліктің маркасы мен мемлекеттік нөмірін есте сақтаған жөн.
Соңғы бес жылда ұрлық деректері екі есе азайған
Полиция ұсынған статистикаға сәйкес, соңғы бес жылда өңірде тіркелген ұрлық фактілерінің саны тұрақты түрде төмендеп келеді.
|
Жыл |
Тіркелген ұрлық саны |
|
2021 |
2 819 |
|
2022 |
2 545 |
|
2023 |
1 929 |
|
2024 |
1 487 |
|
2025 |
1 096 |
Осылайша, 2021 жылмен салыстырғанда былтыр ұрлық деректері 61,1 пайызға азайған. Сонымен қатар полиция өкілдері соңғы жылдары ұрлық қылмыстарын ашу көрсеткіші де жақсарғанын атап өтті. Дегенмен статистиканың төмендеуі тұрғындардың сақтығын әлсіретпеуі керек. Себебі ұрлықтың алдын алуда полицияның жұмысы ғана емес, әр азаматтың өз мүлкіне жауапкершілікпен қарауы да маңызды.

