Актриса: “Мінез бен образдың түр-түрін автобуста кездестіремін”

 Бірде Ұлпан, бірде Перизат, енді бірде Айман болып көрермен алдына шығатын әртістің сахнада сомдаған кейіпкерлері сан алуан. Әр образдың өз мінезі, өз тағдыры бар. Ал солардың бәрін бір бойына сыйдырған актрисаның сахна сыртындағы өмірі қандай? 33 жыл бойы театрдан табан аудармай, өнерге адалдық танытып келе жатқан Майра Ілиясовамен әңгімелесіп, сахнадағы қызығы мен қиындығын, ұмытылмас сәттері мен шығармашылығы жөнінде сұрадық.

Аружан СМАҒҰЛОВА

@smagulova__aruzhan

— Өнер жолына келуіңізге не себеп болды?

— Бала кезімде кішкентай ауылда сахна жасап, көрші балалармен көрініс қоятынбыз. Өсе келе әртіс болуды армандадым. Ауылда актриса мамандығына оқытатын оқу орны жоқ еді. Сөйтіп сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін Мәдени ағарту училищесіне түстім. Оқу орнын тәмамдаған соң туған жерім Алға ауданының Қарақобда ауылына барып, мәдениет үйінің директоры болып жұмыс істедім. Балабақшада да жұмыс істеп, балаларға аккордеонмен музыкадан сабақ бердім. Сөйтіп жүріп қалаға келіп, халық шығармашылығы үйіне әдіскер болып орналастым. Кейін қалада жаңа театр ашылып жатқанын, жергілікті әртістерді қабылдайтынын естідім. Бірақ әлі театр ашылмағасын онда баруға жүрексінген едім. Кейін театрға жұмысқа шақырту алып, режиссер Дихан Жалекенов пен басшылардың алдында монолог, өлең оқып сыннан өттім. Осылайша халық шығармашылығы үйінен театрға ауысып, 33 жыл ғұмырым осы өнер ордасында өтіп жатыр. — Театр табалдырығын алғаш аттаған сәтіңіз есіңізде ме? Ол кездегі әсеріңіз қандай еді?

— Жас болғандықтан, әрине, үрей мен қорқыныш болды. Өйткені сахнада спектакль ойнау – ән айтып не билеп шыға салатын концерттен әлдеқайда күрделі. Образға ену, серіктеспен бірлесіп жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мағзұм және Шалқия сынды үлкен сахна көрген аға-апаларымыздың ақыл-кеңесі мен көмегінің арқасында бой түзедік.

Театрдағы алғашқы қадамым балаларға арналған ертегілерден басталды. «Жымбала, Мико және Қасқыр» ертегісінде сотқар баланың рөлін ойнадым. Балалармен ойнап, залмен қарым-қатынас жасау арқылы сахнада өзімді еркін ұстауды үйрендім. 

— Әртістік жолыңызда сан алуан рольдерді сомдадыңыз. Өзіңізге ерекше жақын кейіпкерлерді атап өтсеңіз...

— Армандаған рөлдерім өте көп болды. Оның бәріне қолым жетті деп айта алмаймын. Дегенмен, өзімнің оң  жамбасыма келетін тамаша рөлдерді иелендім. «Рамазан-Перизаттағы» Перизат, «Есеней-Ұлпандағы» Ұлпан, «Әпкедегі» Қамажай, «Айман-Шолпандағы» Айман рөлдерін сомдадым. Әсіресе, бірнеше жыл бойы Айман рөлін ойнадым. Қазіргі таңда «Мөңке бидегі» жесір әйелді, «Келіндер көтерілісіндегі» жеті келіннің бірін, «Айналайын» спектакліндегі басты рөлдегі ананы сомдап жүрмін. — Кейіпкердің мінезін ашу үшін қандай дайындық жасайсыз?

— Көлігімді сатып жібергендіктен, автобуспен көп жүремін. Сөйтсем, мінез бен образдың түр-түрін қоғамдық көліктен көруге болады екен. Сомдаған рөлдерім өз мінезіме жақын. Сырт көзге қатал, суық көрінгеніммен, іштей өте жұмсақпын. Негізі мінезім ашық, балажанмын. Өмірде өтірік пен мақтаншақтықты ұнатпаймын, жауапкершілікті бәрінен жоғары қоямын. Бірақ мен жағымсыз кейіпкердің, яғни долы әйелдің не мыстан кемпірдің рөлін сомдағым келген.

Театрдан кейін кейбір ауыр рөлдердің (мысалы, «Айналайын» спектаклінен соң) әсерінен бірден шығып кете алмай, үйге келгенде де сол күйді кешетін кездерім болады. Мұндайда балаларымның қолдауы мен қамқорлығы демеу болады.

— Сахна өнері мен киноның айырмашылығы неде? Көрерменмен байланыс сіз үшін нені білдіреді?

— Кино мен театрдың айырмашылығы жер мен көктей. Кинода бір түсіріліп алған дүние сол күйінде қалады. Ал театрдағы спектакль әрқашан әртүрлі өтеді. Сахнадағы әрбір қойылым – қайталанбас сәт. Мысалы, «Әлия» қойылымын қатарынан 5 рет көрдім. Бұл қойылымның мазмұнын, атмосферасын соғысқа қатысқан әкеммен байланыстырамын.

Көрерменнің әсері ерекше. Кіші залда өтетін спектакльдерде көрерменнің тынысы, тіпті ұялы телефонның дауысына дейін сезіліп тұрады. Үлкен сахнада бұл онша байқалмайды.

— Форс-мажор сәттер болды ма?

— «Жымбала, Мико және Қасқыр» ертегісін сомдап жүргенімде полицияның рөлін сомдайтын әртіс кешігіп қалды. Соның орнына мен шықтым. Бұрын-соңды полицияның формасын киіп көрмегенмін ғой. «Қолыңды көтер!» деп сахнаға жүгіріп шыққанымда шалбардың белдігін тақпағанымды байқадым. Шалбарым түсіп кетпесін деп, аяғымды кеңінен ашып тұрдым. — Спектакльдің алдында қобалжу қалыпты дүние ме?

— Меніңше, иә, қалыпты дүние. Спектакльге асығыс келіп, сөзін білемін деп қайталамастан, апыл-ғұпыл киім ауыстыра сала, сахнаға шығып кетпеппін. Әрдайым ерте келуге тырысамын. Рөлдің үлкен-кішісі жоқ. Алдын ала дайындалып, сөздерімді қайталаймын. Бұл – жауапкершілік, тәртіп.

— Шығармашылық жолыңыздағы ерекше жетістіктер мен есте қалған сәттер туралы не айтасыз?

— Осы уақытқа дейін жеке бенефис жасап көрмеппін. Дегенмен, ең басты жетістігім – өнер жолындағы еңбегімнің бағаланғаны. «Мәдениет саласының үздігі» атағын елімізде алғашқылардың бірі болып алдым. Жақсы жаңалықтар күтпеген жерден болады. Мысалы, 2025 жылы Президент жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдым, бұл маған үлкен тосынсый болды.

— Театрдан кеткіңіз келген сәттер болды ма?

— Қаншама қиындық пен сынақтар болса да, жүрек түкпірінде «жұмыстан шығамын» деген ой ешқашан болған емес. Егер жүрегің мамандықты қабылдамаса, бұл жолда жүру мүмкін де емес. — Бенефисіңіз неге «Сахна.Өмір.Майра» деп аталды?

— Өмірімнің басым бөлігі сахнада, балаларыммен және әріптестеріммен өтті. Ыстыққа да, суыққа да шыдап, гастрольдерде жүрдім. Бенефис «Айналайын» спектаклі негізінде ұйымдастырылмақ. Баршаңызды 20 қараша сағат 19:00-де Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театрда өтетін бенефисіме шақырамын.

 Сұхбатыңызға рақмет!

Шығармашылық табыс тілеймін!

Кейіпкер
16:06, 19 ноябрь 2026
79
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив